ЖаңалықтарШымкент

Шымкентте деструктивті діни ағым өкілінен есірткі тәркіленді

Шымкент қаласы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кешенді іс-шара барысында қала аумағында есірткі таратумен айналысатын теріс діни ағымдағы ер адамды құрықтады.

Полицейлер күдіктіні ұстау үшін арнайы операция ұйымдастырып, оны қылмыс үстінде қолға түсірді. 26 жастағы қала тұрғынынан есірткіге ұқсас хош иісті зат салынған полиэтиленді пакет табылды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың «марихуана» екенін растады.

Тәртіп сақшылары аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу” бойынша қылмыстық іс қозғады.

Аталған азамат бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол 2019 жылы ҚР ҚК-нің 191-бабы “Тонау” бойынша, ал 2020 жылы 346-бабы бойынша «көлік басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотталған. Қазіргі таңда ер адам қамауда. Сотқа дейінге тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Шымкентте деструктивті діни ағым өкілінен заңсыз қару тәркіленді. Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері түрмедегі жазасын өтеуші ер адам бостандықта жүргенде заңсыз атыс қаруын жасырғаны туралы шұғыл ақпарат алды.

Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде теміржол вокзалы маңындағы гараждардың жанында қазылған шұңқыр табылды. Ол жерден қапқа салынған, калибрлі қос ауызды кесілген тегіс ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеді. Ер адам, бұған дейін адам өлтіргені үшін бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды.Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Өкінішке орай, елдің жас халқы «синтетикалық есірткі» деп аталатын тұтынудың жаңа тенденциясына тап болды. Негізгі себеп-бұл заттардың қол жетімділігі мен арзандығы, интернет пен мессенджерлер арқылы сатып алу мүмкіндігі, ересектердің балаларының бос уақытын бақылаусыз ұстау. Балалар мен жасөспірімдер ең осал орта болып табылады, оларда есірткі заттарының зияны туралы нақты білім жоқ.

Back to top button