ЖаңалықтарШымкент

Шымкентте бұрынғы әріптестерінің атына 8 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген ер адам ұсталды

Әл-Фараби аудандық полициясы жергілікті тұрғынның арызы бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғады.

Әйелдің айтуынша, танысы ұялы телефонын уақытша сұрап алып , оның атына 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн-несие рәсімдеген. Ал ол қарызы туралы, банктен төлем жасау жөнінде хабарлама келгенде білген. Олар бұған дейін жеке секторда жалданып жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Ер адам бұрынғы үш әріптесінің сенімін асыра пайдаланған.

Олардың смартфондары арқылы алаяқ жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам несие алған. Тергеушілер оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін атап өтті. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Осыған байланысты полицейлер алаяқтардан сақ болуды ескертеді! Түрлі интернет-ресурстарды пайдаланушыларға өте қырағы және жеке деректеріне мұқият болуға, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.

Сондай-ақ, Шымкентте кибер-алаяқ бас бостандығынан шектелді. Абай ауданының полициясына интернет-алаяқтық туралы арыз түсті. Жергілікті тұрғынның айтуынша, әлеуметтік желіде досы одан ақша сұрап хат жазып, қиын жағдайға тап болғанын және бірнеше күннен кейін барлық соманы қайтаратынын жеткізген. Ер адам ол көрсеткен шотқа ақша аударымын жасап, біраз уақыттан кейін досымен кездескенде онымен мүлдем хат алмаспағанын білген.

Аталған арыз бойынша қылмыстық істі тіркеген полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Нәтижесінде криминалды полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар 22 жастағы Түркістан облысының тұрғынын ұстады. Бойжеткен тағы бір азаматтың сеніміне кіріп, дәл осындай жолмен ақша алғаны белгілі болды. Қаскүнем әлеуметтік желідегі құрбандарының парақшасын мұқият зерттеп, достарының атымен аккаунт ашқан. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ол басқа адамдардың профилінен жүктеп алынған фотосуреттерді пайдаланып, жәбірленушілердің санасында ешқандай күмән қалдырмаған.

Back to top button