Алаяқтықпен алған ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды
Абай АПБ-на жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Ол өз арызында интернеттегі ақшаңызды 10 күнде 50%-ға көбейтіп беремін деген жылтыр жарнамаға сеніп қалғанын жеткізді.
Жәбірленуші алған ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатында, қала аумағында бейтаныс келіншекпен кездескен. Ол берген ақшасын он күн ішінде көбейтіп беретініне сендіріп, өзінің банктік есеп шотына 1 290 000 теңге аударым жасатып, ізін суытқан.
Уәде етілген мерзім өткен соң, күдікті ұялы телефонға жауап бермей, із-түссіз жоғалғанда ғана әйел алаяққа алданғанын түсінген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Күдіктінің жеке басын анықтады. Ол, 27 жастағы Түркістан облысының тумасы болып шықты.
Тергеу барысында, азаматша бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ, алаяқтық жолмен иемденген қаржысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалғаны белгілі болды. Сот отырысында, айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтегенін жеткізді. Сәйкесінше, сот оған қатысты 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осы ретте Шымкент полицейлері азаматтарды алаяқтардан барынша сақ болуға шақырады. Жеңіл жолмен келетін пайдаға қызықпауды және оны ұсынатын адамдардан аулақ болуды ескертеді.
Әл-Фараби аудандық полициясы жергілікті тұрғынның арызы бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Әйелдің айтуынша, танысы ұялы телефонын уақытша сұрап алып , оның атына 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн-несие рәсімдеген. Ал ол қарызы туралы, банктен төлем жасау жөнінде хабарлама келгенде білген. Олар бұған дейін жеке секторда жалданып жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Ер адам бұрынғы үш әріптесінің сенімін асыра пайдаланған.
Олардың смартфондары арқылы алаяқ жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам несие алған. Тергеушілер оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін атап өтті. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.