Шымкентте жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу жұмыстары қайта жанданды
Қоғам алдындағы тұрған басты міндеттің бірі-балалар мен жасөспірімдерді шылым шегу, маскүнемдік, нашақорлықтан қорғау, яғни жат әдеттерге қарсы төзбеушілікті қалыптастыру. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған 2023 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары бастау алды.
Алғашқы іс-шара «Болашақ» жоғары колледжінде өткізіліп, білім ордасының студенттеріне «Кәмелет жасқа толмаған жастар арасындағы құқық бұзушылық және нашақорлықпен күрес» тақырыбында арнайы дәріс өтті.
Оған Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Тұран ауданы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары полиция капитаны Құдайберген Бегимбетов, полиция аға лейтенанты Мадияр Марқаш және полиция лейтенанты М.Тұрлыбаев қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.
Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді.
Одан бөлек, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, түнгі уақытта ата-анасы немесе заңды өкілінсіз жүрмеу, әлімжеттіктің алдын алу мен бос уақытын тиімді пайдалану секілді өзекті тақырыптар қозғалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді.
Іс-шара соңында студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.