Шымкент

Шымкентте полицейлерден қашпақ болған есірткі қоюшылар қоршауға соғылды

Шымкентте полицейлерден қашпақ болған есірткі қоюшылар қоршауға соғылды. Қайтпас-1 ықшам ауданы тұрғындарының есірткі қоюшылардың көбейіп бара жатқаны туралы өтініші бойынша ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп, арнайы рейдтер жүргізді.

Жұмыс барысында Volkswagen Polo мінген екі жас жігіт полицейлердің күдігіне ілікті. Тәртіп сақшыларын байқаған жігіттер артқа шегініп қашуға әрекеттеніп, құрылысы аяқталмаған үйдің ауласына кіріп кеткен. Полиция қызметкерлері жолды жауып тастаса да, көлік қозғалысын тақтатпай, жеке учаскені қоршап тұрған қоршауға соғылған.

Тергеушілер көліктің ішін тексеру кезінде құрамында ақ ұнтақ тәрізді заттары бар 30-ға жуық орама тапты. Сараптама қорытындысы оның салмағы 30 граммға жуық синтетикалық «мефедрон» есірткісі екенін көрсетті.

Аталған жайт бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Күдіктілер полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі қоюшылар көлікті өздерінің «жұмысы» үшін жалға алғаны анықталды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін оларды 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған 2023 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары бастау алды. Алғашқы іс-шара «Болашақ» жоғары колледжінде өткізіліп, білім ордасының студенттеріне «Кәмелет жасқа толмаған жастар арасындағы құқық бұзушылық және нашақорлықпен күрес» тақырыбында арнайы дәріс өтті.

Оған Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Тұран ауданы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары полиция капитаны Құдайберген Бегимбетов, полиция аға лейтенанты Мадияр Марқаш және полиция лейтенанты М.Тұрлыбаев қатысты.

Кездесу барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.

 

Back to top button