Шымкент

Криминалистикадағы жаңа инновациялық технологиялар мен әдістерінің қолданылуы

Қоғам тыныштығы мен қылмыстың алдын алудағы маңызды саланың бірі – криминалистика. Өйткені, күдіктіні анықтау мен қылмыстарды ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында.

Осы орайда, құқық корғау саласында цифровизациялану қарқынды дамып келеді. Бұған дәлел қылмыс ашуға арналған көптеген инновациялық құралдар мен технологиялар. Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел-криминалистика қызметкерлерінің пайдалануында автоматтандырылған цифрлы биометрикалық жеке басты анықтау құрылғысы пайдаланылуда. Бұл «Idemia» компаниясы ұсынған автоматтандырылған жеке басты анықтау және қол іздерін анықтауға арналған жұмыс орыны. Бұл кағазбастылықты азайтып дактилоскопиялауды сапалы әрі жылдам болуын камтамасыз етеді. Бұдан бөлек, бұл кұрылғы қылмыскердің қол іздері арқылы қылмыстың ашылуына зор үлесін қосады.

«Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін маман-криминалистер оқиға орындарын қарап-тексеруге жедел-тергеу тобының құрамына қатысады. Оқиға орнында қылмыскер қалдырған іздерді табу, бекіту, алу, олар бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу, зерттеудің сапасы мен толықтығына байланысты жұмыстарды атқару біздің мамандардың мойнында. Бұдан өзге, олар криминалистикалық есептер бойынша тексеруді тікелей жүзеге асырады. Міне, осындай жұмыстарды сапалы атқару үшін маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықталу да мықты болуы тиіс. Бұл үшін қазір Жедел-криминалистикалық басқармасы жүктелген міндеттерді атқаруға қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп жатырмыз»-деді басқарма бастығы полиция полковнигі Д.Абдраманов.

Криминалистика – полиция қызметінде ең маңызды сала болып саналады. Өйткені, онсыз қылмысты ашу мүмкін емес. Қылмысты кім жасады? Ол қашан, қай күні, тәуліктің қай мезгілінде жасалды? Осы сияқты сұрақтардың барлығын анықтау криминалист мамандардың міндеті.

«Біздің мақсат – оқиға болған жерді тиянақты қарап, қалған іздерді, заттарды жинап, сүретке түсіру. Егер оқиға орнында қалып қойған қандай да бір айғақтық зат болса, оны арнайы мөрленген пакеттерге салып, зертханаға алып келеміз. Зерттеп болған соң, қорытынды шығарамыз, содан кейін іске тіркейміз», дейді криминалист.

Криминалист мамандығын меңгеру екінің бірінің қолынан келмейді. Себебі, маманды дайындау барысы да өте күрделі. Арнайы білім алғаннан кейін де үнемі кәсіби біліктілікті арттырып отыру қажет.

Криминалистиканың қыр-сырын жіті меңгергеннен кейін ғана нағыз қылмыстық оқиғаны зерттеуге рұқсат беріледі.

Back to top button