Шымкентте кішкентай қыздардың алтын сырғасын ұрлаумен айналысқан бикеш ұсталды
Тұран ауданының тұрғыны полицияның 102 арнасы арқылы бейтаныс біреу кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлады. Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, балмұздақ алып беремін деп, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алып, белгісіз бағытқа ізін суытқан.
Полицейлер аталған деректі «алаяқтық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер болған жайтты көрген-білген барлық куәгерлерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Қабылданған шаралардың арқасында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны екі тәулік ішінде қала аумағында құрықтады.
Тұран АПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы бойжеткеннің осыған ұқсас басқа да қылмыстық істерге қатысы бар. Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қала тұрғынының алтын сырғаларын иемденіп, қарт әйелдің ұялы телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.
– Ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша жинақталған іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады-, деп қосты істі тергеп жатқан полиция аға лейтенанты.
Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген.
Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады. Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген.
Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген.