Шымкент

Шымкенттің бас полицейі департаментке қарасты арнайы ғимараттардың жағдайымен танысты

 Шымкент ҚПД-не қарасты арнайы ғимараттардың қазіргі ахуалын көзбен көріп, тексеріп шығуға арнайы полиция генерал-майоры Думан Таев келді.

Әуелі уақытша ұстау изоляторына ат басын бұрып мекеменің қызметкерлерімен олардың жұмыс барысымен және ғимараттың қазіргі жай-күйімен танысты. Содан соң, қызметтік иттерді баптаумен айналысатын кинология қызметі орталығына барып, ақылды төбеттердің ерекше қабілеттерін тамашалап, ондағы тіршілікке шолу жасады.

Бұған қоса, ардагерлер кеңесіне, қабылдап тарату және арнайы қабылдау орнына, халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімінің мұрағатына барып, ондағы мамандармен жүздесті.

– Алдағы уақытта бізге бірігіп атқаратын жұмыс көп. Департаментке қарасты ғимараттардың қазіргі жағдайы талапқа сай деп айтуға келмейді. Десе де, мекеменің материалдық кемшіліктері сіздердің жұмыс сапаларыңызға әсер етпеуі қажет. Келешекте бұл оқылықтың бәрі реттеледі, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бастысы сіздер Отанға адал, антқа берік қызмет етуді тоқтатпаңыздар -, деді генерал Думан Әшкенұлы.

Шымкент ҚПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Думан Таев Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына барып, тәртіп сақшыларының жұмыс барысымен танысты. Әуелі, аудандық бөліністің ғимаратында орналасқан Көші-қон қызметі , Жедел криминалистика , Ақпарат және байланыс басқармасы, ӘПБ-ның қару айналымын бақылау бөліміндерін аралап, әр қызметтік бөлмені жіті тексерді.

Оның ішінде, ғимарттың тазалығы, құрал-жабдықтардың ұқыптылығы, полицейлердің сырт келбеті мен нысанды киім үлгісіне дейін ерекше назар аударды. Сондай-ақ, жеке құрамды мәжіліс залына жинап, ұжымның ішкі ахуалы мен жұмыс нәтижесі туралы сөз қозғады. Қызметкерлерге полицияның сервистік моделін жақсартуды оның ішінде, халықпен ашық әрі тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауда аса мұқият болуды тапсырды.

« Полиция қызметкерлері арасында заңдылықты сақтау мен тәртіпті нығайту мәселесі департамент басшылығының қатаң бақылауында. Әріптестеріміздің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен “Integrity Check” пилоттық жобасы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған жоба тәртіп сақшыларын парасаттылыққа тексеретінін естеріңізге сала кетейін. Сәйкесінше, өздеріңізден антқа берік, қызметке адал болуды талап етемін. Ар-намысты бәрінен биік қойып, иықтарыңыздағы погонға сай, абыроймен еңбек етіңіздер», – деді полиция генерал-майоры Думан Әшкенұлы.

Back to top button