Парасаттық жастар нашақорлықтың алдын алудағы жұмыстарды қолдайды
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында көзделген іс-шараларды іске асыру аясында Шымкент қаласының полиция департаменті, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен қала аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті Ішкі істер министрлігі және қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізіп келеді.
Аталған бағыттағы жұмыстарда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, проректорлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде.
Кезекті іс-шара «Парасат» колледжінде жалғасын тапты. Оған қатысқан Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков көрсетілген мәселелер бойынша студенттік жастарға толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.
Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленді.
Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді (Darknet, мессенджерлер, криптоәмияндар және т. б.).
Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру.
Сөз соңында «Парасат» колледжінің студенттері аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағыттағы жұмыстарға бірлесіп ат салысуға ниетті екендерін жеткізді.