Шымкенттік полицейлер сенбілік өткізді
Бүгін, Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау, Еңбекші ауданы Полиция басқармалары мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жаппай сенбілікке шықты.
Тәртіп сақшылары басқарманың ауласын тазартып, мекемеге қарасты сыртқы аулаларды түгелдей реттеп шықты. Сенбілік – бұл ұжымдық рухты, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара.
Тазалық жұмыстарын жүргізу Шымкент полицейлерінің назарынан тыс қалған емес. Тәртіп сақшылары ауланы сыпыру, ағаштың түбін қопсыту, гүл отырғызатын орындарды әзірлеу, сырлау сынды бірлескен жұмыстарды бір кісідей атқаруда.
Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымкент қаласының ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Полиция тарапынан бастау алған игі бастама әрі қарай да өз жалғасын таппақ.
Тұран ауданының тәртіп сақшылары да тазалықтан шет қалмады. Қызметкерлер полиция басқармасының аумағын қоқыс мен арам шөптерден тазартып, сенбілік қарсаңында айналаны ретке келтірді. Аталған шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды. Тұрақты сенбілік жұмыстары барысында күн санап көшелердің келбеті жаңаруда.
Апта сайын жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылып, тәртіп сақшылары табиғат тазалығын сақтауда белсенділік танытуда.
- Сенбілік – халықты игілікті іске шақыру. Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, қаламыздың тазалығы мен көркіне көрік қосар еді. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да белсене қатысамыз. Туған жердің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық, – деді тәртіп сақшысы.
Қоршаған ортаны абаттандыруға жанашырлық танытып, апта сайын өткізілетін сенбіліктің мақсаты – туған жерді аздырмай, қолдан келгенше көркейтіп көгалдандыру.