Полицейлер темір ұрлаған түркістандықты қала аумағында құрықтады
Қаратау ауданының полициясына жергілікті тұрғын, үйінің ауласынан құрлысқа қажетті 1 тоннаға жуық темір-терсек ұрланғанын айтып арызданған.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы “Үй-жайға заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық” бойынша тіркеді.
Жедел- іздестіру жұмыстары барысында полицейлер жақын маңдағы бейнекамераларды тексеріп, ықтимал куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде, оқиға болған уақытта осы маңнан өткен күдікті жүк көлігі көзге түскен.
Ер адам өз жауабында жүк тасымалдау қызметін көрсететін такси жүргізушісі екенін, соңғы рет бұл маңнан клиенттің шақыртуымен темір-терсек әкетіп, оны арнайы қабылдайтын орынға жеткізіп бергенін көрсетті.
Өз кезегінде темір қабылдаумен айналысатын кәсіпкер, қылмыс болған күні бейтаныс біреуден 1 тоннаға жуық темірді сатып алғанын жеткізді.
Полицейлер көрсетілген бағыттамалар бойынша күдіктінің жеке басын анықтап, оны қала аумағында құрықтады. 34 жастағы түркістандық тергеу барысында өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Жинақталған іс-құжаттар, айғақтармен сотқа жолданды.
Сот айыпталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, қала тұрғыны үйдің ауласында тұрған көлігінің жоғалып кеткені туралы арызбен Тұран аудандық полициясына хабарласқан. Жәбірленуші көлікті үйіне қонаққа келген танысы ұрлауы мүмкін екенін айтқан. Ер адам ішімдік ішкен соң ұйықтап кетіп, қайта оянғанда досын да, көліктің кілтін де таппай қалған.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ЖБО инспекторларының көмегімен бейнебақылау камералары арқылы ұрланған «ВАЗ-2115» көлігінің қозғалыс бағытын қадағалады.
Нәтижесінде, автокөлік Түркістан облысындағы жеке үйлердің бірінің маңында тұрған жерінен табылды. Оны ұрлаған адам да осы жерден ұсталды. Ол тағы бір досына қонаққа келген болып шықты.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталды, сондықтан ол арнайы қабылдау орнына қамалды. Темір тұлпар заңды иесіне қайтарылды. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.