ЖаңалықтарШымкент

Ұлдар кеңесінде есірткіні қолдану мен нашақорлықтың қаупі жөнінде айтылды

​Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының ұйымдастыруымен ер балалар арасында түрлі тақырыпта «Ұлдар кеңесі өткізілуде.

Аталған іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысып жатыр.

​ Жиын жігіттер арасында зиянды әдеттердің алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, өскелең жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді оятып, бүгін мен болашаққа деген жауапкершілікті сезіндіруге, рухани-адамгершілік әлеуетті қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

​ Сонымен қатар, жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты әке орнының ерекше екендігін ұғындыру, ата салтын ардақтайтын, өз елін сүйер нағыз жігіттік қасиеттерді бойынша сіңіре білетін ұрпақ тәрбиелеуге арналған.

​Бүгін де, мамандар «Парасат» колледжінің, «Шымкент жоғары медицина колледжінің» және «Шымкент көпсалалы колледжінің» студенттерімен кездесіп үлгерді.

«Нашақор жасөспірімдер агрессивті, ашуланшақ болады, туыстарымен байланысын жоғалтады, өтірік айтуға, қылмыс жасауға мәжбүр болады. Есірткіні тарату арналары әртүрлі. Препарат көшеде, мектепте, дискотекада ұсынылуы мүмкін. Сатушылар өз адамдарын жасөспірімдер тобына жібереді. Олар қарапайым жігіттер мен қыздар сияқты көрінеді, бәріне барады, алғашқы дозаларды тегін ұсынады, ләззат алуға, барлық мәселелерді шешуге уәде береді.

Нашақорлық дегеніміз-психикалық және физикалық функциялардың ауыр бұзылуына әкелетін есірткіні жүйелі түрде қолдануға деген құштарлық, тәуелділік. Жасөспірімдер арасында нашақорлыққа әкелетін негізгі себептердің бірі: жақын адамдардан сүйіспеншілік пен назардың болмауы; қызығушылық.

Нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – ол сенің өмірің. Сенің өмірің – ол өз қолыңда!» -деді сала маманы.

Алдағы уақытта мұндай тәрбиелік мәні мол жиындар басқа да оқу ордаларында жүзеге асырылмақ.

Back to top button