ЖаңалықтарШымкент

Дүниежүзілік маңызға ие мерекені Шымкент полицейлері де назардан тыс қалдырмады

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Дүниежүзілік маңызға ие бұл мерекені Шымкент полицейлері де назардан тыс қалдырмады. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері отбасы құрғандарына 62 жыл болған қариялардың киелі шаңырағына арнайы ат басын бұрып, үлкендерге ерекше құрмет көрсетіп қайтты.

Атамыз Тукишев Жамалхан 1941 жылы туған, апамыз Тукишева Гүлсара 1943 жылы туған, алтын алқа иегері. Бүгін де, 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 21 немере, 24 шөбере сүйіп отыр.

Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, ересектер тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет арнайы жәрдемақылар тағайындайды.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60-74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал, ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.

Бұдан бөлек, Шымкент қалалық ПД Еңбекші, Қаратау, Әл-Фараби ауданы полиция басқармаларының жеке құрамы 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, ардагер милиция майоры Қайырлы Мейірбеков, полковник Рысбек Ергешов, Күлзада Тлепова, Есіркеп Құралбаев пен милиция майоры Нина Кашлокованың үйіне арнайы барып, құттықтап қайтты.

Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі қоғамымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, мерекеден мерекеге көз қуанышымыз болып аман-есен жете беріңіздер, – деп Еңбекші АПБ бастығының орынбасары Алым Кенбабаұлы ыстық ықыласын жеткізді.

Өз кезегінде, жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет еткен ардагерлер айтулы мейраммен арнайы құттықтап келген аудандық полиция басқармаларының жеке құрамына ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.

Қария – ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. “Қарты бар елдің қазынасы бар” деген асыл сөзді халқымыз бекер айтпаса керек. Қай кезде де халқының тілеуін тілеп, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман болсын!

Back to top button