Шымкент

Бақытты отбасының кілті – ауызбіршілікте

М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Шымкент қаласы оқу орталығы бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Ақберген Сапаев және кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің аға инспекторы азаматтық қорғау майоры Эльмира Акимханова екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Бүгін де осы отбасы жайлы кеңінен ақпарат алынып, ой түйерлік мәселелер қозғалып, сұрақтар қойылды.

Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды базалық танымды отбасынан алады. Ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,» – деп бекер айтылмаса керек. Отбасы – баланың эмоционалды, рухани құндылықтарды бойына сіңіретін ортасы. Ата-анасы балаға тәлім-тәрбие береді, жақсы мен жаманды, адамдармен қарым-қатынас жасауды  үйретеді. Басқа сөзбен айтқанда, отбасы – үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Ал сапалы «білімді» қайдан, қандай ортадан алуға болады? Әрине, өзара гармонияда, бақытты ортада өмір сүретін, сол бақытты жасай алатын адамдардан алады. Осындай бірлігі жарасқан отбасынан шыққан адам ғана өзінің отбасын бақытты ете алады, өмірде жолы болатын тұлға ретінде қалыптасады.

Тәрбие жұмысы бөлімінің аға инспекторы азаматтық қорғау майоры Эльмира Акимханованың айтуынша, бала кішкентай кезінде көрген-түйген дүниелерін кейін өзі бөлек отау құрғанда жаңа отанына алып барады. Және өзі көрген-ұққан дүниелерін өзінің бала-шағасына береді. Сол себепті, жанұя тәртібі, отбасылық тәрбие былай қарағанда мәнсіздеу дүние көрінгенімен, оның әулет, ұрпақ, ағайын, мемлекет, отан алдындағы маңызы өте терең.

М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Шымкент қаласы оқу орталығы бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Ақберген Сапаев «Мамандықты дұрыс таңдау – болашақтағы жетістіктің кепілі» тақырыбында қойылған сұрақтарға нақты, кеңірек ой қозғады.

– Қазақстан Республикасындағы Өрт қауіпсіздігі саласындағы оқытатын жалғыз жоғары оқу орны – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы болып табылады. Күндізгі оқу бөліміне 16 жасқа толған және денсаулық жағдайы бойынша жарамды тұлғалар қабылданады. Академияда оқу тегін, күндізгі оқу нысаны бойынша оқу мерзімі 4 жыл, ол әскери қызмет өткеру мерзіміне есептеледі. Курсанттар оқу кезеңінде мемлекеттің қамсыздандыруында болады. Академия келесі мамандықтар бойынша оқытады: «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Өрт сөндіру және авариялық – құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық». Академияны бітіргеннен кейін «азаматтық қорғау лейтенанты» арнаулы атағы беріледі және орта басшы құрам лауазымдарында жұмысқа орналасумен 100% қамтамасыз етіледі.

Back to top button