Мегаполистің бас полицейі қариялардың ақ батасын алды
Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласы Полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Думан Таев басшы құрам қызметкерлерімен жергілікті қарияларды айтулы мерекемен құттықтап қайтты.
Полиция департаментінің бастығы, Көлбек ата мен Кулара апаның шаңырағына арнайы ат басын бұрып, мерекелік дастарханнан дәм татып, құрмет ретінде ақсақалға шапан жауып, арнайы сый-сияпаттар табыстады.
Өз кезегінде, ардагерлер полиция генерал-майоры Думан Әшкенұлын жаңа қызметімен құттықтап, әр бастамасына жақсылық пен сәттілік тіледі. Тәртіп сақшыларының қажырлы еңбегіне тек биік жетістіктер тілеп ақ батасын берді.
Тұран тәртіп сақшылары да қарттарды құттықтаудан қалыс қалмады. 1 қазан – Қарттар күні мерекесінде Шымкент ҚПД Тұран ауданы Полиция басқармасының жеке құрамы ұзақ жылдар бойы ерен еңбек еткен ардагер апаларымыздың үйіне арнайы барып, құттықтап қайтты.
Дана халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген. Тәртіп сақшылары өз саласында зор жетістікпен қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шыққан Теміркүл Исмайлова мен Жұмакүл Әділханқызының өнегелі өміржолы мен қажырлы еңбегін үлгі әрі өнеге деп біледі.
«Айтулы мерекенің өскелең ұрпаққа берері мол. Жасы егде тартқан қарияларға құрмет көрсету санамызға сіңген қасиет. Қариясы бар үйді қазынаға балаған халық даналығында да терең мағына жатыр. Ендеше аталған мереке тек бір күн ғана тойланбай, ардагерлерге деген ілтипат үнемі жалғасуы қажет-ақ» – деп сөзін түйіндеді Тұран АПБ бастығының орынбасары Қанат Нуриддинұлы.
Сондай-ақ халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Шымкент қалалық ПД Еңбекші, Қаратау, Әл-Фараби ауданы полиция басқармаларының жеке құрамы ардагер милиция майоры Қайырлы Мейірбеков, полковник Рысбек Ергешов, Күлзада Тлепова, Есіркеп Құралбаев пен милиция майоры Нина Кашлокованың үйіне арнайы барып, құттықтап қайтты.
Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі қоғамымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, мерекеден мерекеге көз қуанышымыз болып аман-есен жете беріңіздер, – деп Еңбекші АПБ бастығының орынбасары Алым Кенбабаұлы ыстық ықыласын жеткізді.
Өз кезегінде, жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет еткен ардагерлер айтулы мейраммен арнайы құттықтап келген аудандық полиция басқармаларының жеке құрамына ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.