Үлгілі отбасы – мәңгілік елдің тірегі
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп асқақ арманмен бабаларымыз бізге үлкен үміт артқан. Баланың дұрыс бағытты ұстанып, өмірде өз жолын табуына отбасыдағы тәрбие, үлгі-өнегенің маңызды зор.
Шымкент қаласындағы №9 мамандандырлаған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Ақжігіт Тастанов осындай үлгілі отбасыдан, атадан, әкеден дұрыс өнеге алып, құтқару қызметін таңдап, белсенді қызмет атқарып жүрген өрт сөндіруші.
Осы орайда жас мамандарға отбасыдағы бірлік пен ынтымақты насихаттау мақсатында Тастановтар отбасына бөлім қызметкерлері жас мамандармен бірге арнайы барды.
Бұл кездесу барысында жас мамандар Ақжігіт Тастановтың атасы 1983-1992 жылдар аралығында Бәйдібек ауданы Краснаянива совхозында главный зотехник, экономика басқармасында бөлім бастығы, талай жылдар бойы ауыл шаруашылық басқармасында бастық орынбасары қызметтерін атқарған, ал қазіргі таңда әкімшілікте абыроймен қызмет етіп жүрген Полатбай Жұматайұлымен тілдесіп, өмірде дұрыс бағыт таңдау, елге қызмет етудің маңызы, үлгілі отбасы болудың сыры мен қыры туралы кеңінен әңгіме айтып, өз сұрақтарын қойды, үлкеннің батасын алды.
-Жасыратыны жоқ, қанша жан болса, сонша мінез, сонша сезім бар. Біреулердің ішкі сезімі құбылмалы, ал біреулердікі керісінше, салмақты, сабырлы. Өмір көрсетіп жүргендей, өзімшіл, тәкаппар адамдардың шаңырақтары ұзақ ғұмырлы болмайды. Ал, шаңырақ шаттығы мейірімділікке, қайырымдылық пен кешірімшілдікке негізделген. Егер біз адам баласының өмірін тулап, тасып жатқан теңізге теңесек, бір сәт осы асау толқындардан шаршаған пенде жайлы да жайдарлы, жып-жылы жағажайда тыныққанды қалайды екен. Ол дегеніміз, әрине, оның өз отбасы – ошақ қасы. Қызмет бабынан куә болып жүргеніміздей, біздің халықта әйелін босағадағы күңіндей көретін ерлер бар. Олар отбасындағы билікті өз қолдарына алып, әйеліне ақша ұстатпайды, жанына ертіп жүрмейді. Болмаса тағы бір күйеулер бар тапқанын өзіне жұмсап, әйеліне қол көтереді. Ішіп келіп, үйдің берекетін алады. Мұндай ерлермен қандай әйел өмір бойы бірге тұра алар? Осыдан келіп, арада реніш пайда болады. Ажырасушылар саны артады. Сондықтан, ер де, әйел де үй мен түздегі өз орындарын біліп, ортадағы балаларының амандығы мен бақытын ойлауы керек. Бақыт сыры – ерлі-зайыптылардың бірін-бірі бағалауы, қандай мәселені де бірлесе, ақылдаса шешуі. Бір сөзбен, артық-кемді тізбелемеген кешірімшіл жандар ғана нағыз мықты, бақытты отбасына айналады,- деді Полатбай Жұматайұлы.
Мұндай кездесулер жастар үшін, оларға тәлім-тәрбие беру жолында аса маңызды.