«Сот тәжірибесінде туындаған мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының және Шымкент қаласының мамандандырылған аудандарлық әкімшілік сотының бірлесіп ұйымдастыруымен «Сот орындаушылардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қарау барысында сот тәжірибесінде туындаған мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға сот алқасының төрағасы Г.Қыдырбаева, алқа судьялары, әкімшілік сотының төрағасы мен судьялары, Шымкент қаласының Әділет департаментінің басшысының орынбасары, бөлім басшысы, Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы, сот орындаушылар қатысты.
Іс-шараның мақсаты – сот орындаушылармен атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсздігіне) талап қою бойынша істерді қарау барысында туындаған өзекті мәселелерді талқылау және әкімшілік істер бойынша қалыптасқан сот тәжірибесімен таныстыру.
Іс-шараны сот алқасының төрағасы Г.Қыдырбаева ашып, кіріспе сөзінде бүгінгі таңда сот тәжірибесіндегі атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтуға қатысты өзекті мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, алқа төрағасы осы санаттағы дауларды татуласу келісімі арқылы реттеу мен шешу мүмкіндіктерінің аясы кең екеніне, бұл орайда сот тәжірибесінде сот орындаушылар тарапынан белсенділікті арттыру қажет екенін айтып өтті.
Жиында Әділет департаментінің бөлім басшысы А.Жаубасаров сот орындаушылардың әрекетіне түскен шағымдар жөнінде, ал Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысының орынбасары А.Сартбаева дауларды татуласу рәсімдерін қолдану арқылы шешу бойынша баяндамалар жасап, сот тәжірибесінде орын алған өзекті мәселерді атап өтті.
Іс шараны қорытындылай келе, алқа төрағасы Г.Қыдырбаева осы санаттағы даулар бойынша сот орындаушыларына өз іс-әрекеттерінің қалыптасқан сот тәжірибесіне сәйкестігіне үнемі талдау жүргізуді ұсынды.