Әділет органдары саласындағы жаңашылдықтар мен сот орындаушылар саласын реттеу бағытындағы жұмыстарды баяндады
Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасарлары Айнұр Исабекова және Мейржан Исабековтің қатысуымен ақпараттық-коммуникациялық орталығында сот орындаушыларының қызметін реттеу саласы бағытындағы жұмыстар жөнінде баспасөз брифингі өтті.
Басқосу барысында алдымен Айнұр Ақжігітқызы әділет органдары саласындағы жаңашылдықтар жайлы яғни, нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушысының қызметімен айналысуға үміткерлерді автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өткізуге бағытталған пилоттық жобаның тиімділігіне тоқталды. Сондай-ақ «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасы аясында Республика аумағында сенімхаттарды онлайн куәландыру жұмысы іске қосылғанын айтты.
Бұдан бөлек, АХАТ функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» басқаруына берілгенін, сондай-ақ азаматтардың норма шығармашылық процесіне қатысуы «Ашық НҚА» порталы арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
Брифинг барысында Департамент басшысының орынбасары Мейржан Исабеков Шымкент қаласы Әділет департаментінің сот орындаушылар қызметін реттеу бағытындағы жұмыстарды баяндады. Яғни, мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың орындауындағы түрлі сипаттағы атқарушылық өндірілуге жататын жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Атап айтқанда, борышкерден алимент өндіруде сот орындаушыларына қатысты жауапкершілік күшейтілгенін жеткізді. Сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығының бірлескен шаралары нәтижесінде 241 алимент төлеуші жұмысқа орналастырылып, алиментті жалақыларынан өндіруге мүмкіндік пайда болған. Бұдан бөлек, осы санаттағы істермен айналысатын 6 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.