«Эмираттан оралған 90 қыз Текелідегі санаторийде жатыр» – журналист

Біріккен Араб Әмірліктерінен Талдықорғанға ұшып келген жолаушылардың бірқатары Алматы облысындағы емдеу-сауықтыру орталықтарының біріне орналастырылған. Бұл туралы жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенова өзінің facebook.com парақшасында жазды, деп хабарлайды BasNews.kz.
Журналистің жазбасына қарағанда қыздар Текелі қаласындағы шипажайда жатқан көрінеді.
«Бұл қыздар кеше Эмираттан Талдықорғанға ұшып келді. 90 қызды екі күнге Текелідегі санаторийге орналастырған. Фотоны полицейлер жіберді. Сұлу қыздар жігіттердің жүрегін бірден жаулаған сияқты. Күзетшілер оларға балмұздақ, шемішке тасып жүр екен. Біздің жігіттер сұлулықты бағалай біледі», деп жазды ол.
Айта кетейік, 135 жолаушысы бар рейс Талдықорғанға Біріккен Араб Әмірліктерінен 11 сәуірде ұшып келген еді. Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттық хабарламада олардың ешқайсысынан COVID-19 анықталмағаны айтылды.
«Жолаушылардың бəрінен келген бетте КВИ-ға анализ алынған болатын. Барлығының қорытындысы теріс болып шықты. Алгоритмге сəйкес олар екі күн карантинде болуы тиіс. Осы мерзім біткеннен кейін облыс əкімі Амандық Баталов олардың əрқайсысын тұрғылықты жеріне жеткізіп салуды ұйымдастыруды тапсырды. Қазір оған дайындық шаралары жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Жолаушылардың ішінде 45 адам Талдықорғандағы қонақ үйлердің біріне орналастырылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшенің тұтас бір бөлігін жабуға тура келіпті. Ал, қалған 90 адам Текелі қаласындағы «Текелі» шипажайына уақытша қоныстанған. Бұл нысандарды арнайы полиция жасағы күзетіп, шетелден келгендердің тысқа шығуына қатаң тыйым салынған. Баспасөз қызметі Дубай, Шаржа және БАӘ-нің өзге қалаларынан келген жолаушыларға тегін тамақ, түрлі бағытта кеңес алу мүмкіндіктері қарастырылғанын айтты.



