BasNewsЖаңалықтар
Таразда автобус 10 көлікті соғып өтті
Таразда қоғамдық көлік тұрақта тұрған 10 автокөлікпен соқтығысты. Салдарынан автобус салонында отырған 56 жастағы жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды Жамбыл облысының полиция департаменті.
Жол апаты 4 қаңтар 10:45 шамасында Төле би даңғылында болған.
№56 бағдарлы автобустың 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, тұрақта тұрған 10 автокөлікпен соқтығысқан.
«Жол апаты кезінде автобуста 10 жолаушы отырған. Оның біреуі – 56 жастағы әйел алған жарақатымен қалалық ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.
Автобус жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар жасалады.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.