Қазақстандықтар жол-көлік оқиғаларын жаңа әдіспен тіркейтін болады
ІІМ баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі.
Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
«Еурохаттама» арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:
- Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;
- Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
- Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.
«Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді», – деді Қуаныш Тілекбаев.
«Еурохаттаманың» артықшылығы неде:
- Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.
- Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
- Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.
«Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және жол-көлік оқиғаларын болдырмауға шақырамыз», – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.