BasNewsЖаңалықтар

Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобасы талқыланды

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелері депутаттармен және сарапшылармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді талқылады, деп хабарлайды basnews.kz.

Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаеваның қатысуымен өткен жиынға Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым жетекшілік етті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов заң жобаларындағы нормалармен таныстырды. Оның айтуынша, түзетулер арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы ішінара жүзеге асырылады.

Негізгі заң жобасы алты бағытты қамтиды. Олардың қатарында жемқорлардың жария реестрін енгізу, пара алуға келісім беру, пара сұрау немесе талап ету, пара ұсыну немесе пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік және тағы басқа бар. Жалпы үш кодекс пен бес заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізіледі.

Алматы жоғары басқару мектебінің президенті Қанат Нұров пара беру уәдесі үшін қылмыстық жауапкершілікті нақтылау қажеттігін атап өтті. Ол бопсалау нәтижесіндегі пара беру уәдесін ерекше атап өтті. Әйтпесе, мұндай пара берушілер бірден ұсынылған бап бойынша жауапқа тартылатындықтан тергеумен ынтымақтаса алмайды.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев құқық қорғау тәжірибесінің мәселелеріне тоқталды. Ол «әкім лауазымын сату» туралы белгілі жағдайды мысалға келтірді. Онда жәбірленуші деп танылған тұлға сыбайлас жемқорлық жасауға әрекеттенгені үшін жауапқа тартылмаған.

«Осыған байланысты мен осындай атышулы істерге қатысты құқық қолдану тәжірибесіне талдау жүргізілсе деймін. Яғни, біз заңдарды жазамыз, кейін олар іске асыру тұрғысынан абсурдтық шегіне жетеді. Нормаларды қатайту туралы заң енгізбес бұрын, бұл нормалардың іс жүзінде беделін түсіретін жағдайларды қарастырайық», – деді Данияр Әшімбаев.

Back to top button