Маңғыстау облысында құны 30 миллиард теңгеден асатын жер заңсыз берілген
Прокурорлар Каспий теңізі бойындағы жер учаскесін заңсыз беру дерегін анықтады, – деп хабарлайды basnews.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасы Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру дерегін анықтады. Кендерлі құмқайыры деп аталатын бұл учаске шығанақтың оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылатын облыстың басты көрікті жерлерінің бірі болып табылады.
«Бастапқыда, 2007 жылы жер учаскесі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 миллиард теңгеге сатылып, кейіннен «Гелиос» ЖШС-не 3,3 миллиард теңгеге қайта сатылғаны анықталды.
Талдаумен аталған жер учаскесі ЖАО-мен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды», – делінген хабарламада.
Жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды.
Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылған (Жер Кодексінің 43-бабы).
«Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді.
Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды (заңды күшіне енген жоқ)».
Бүгінгі күнде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 миллиард теңгеден асады.