Министр ұсақ өрттер туралы жазбауды ұсынды
Жаңа төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қазақстандық БАҚ-қа елдегі ұсақ өрттер туралы жазбауды ұсынды, – деп хабарлайды basnews.kz.
Үкіметтік брифингте журналистер министрден жақында Семей мен Алматы базарларындағы өрт себептері мен салдарын жоюға қатысты тергеу барысын сұрады. Сондай-ақ, елде өрт көбейіп кеткен жоқ па, сұралды.
«Алдымен, өрт санының көбеюі жоқ екенін түсіндіргім келеді. Сіздер байқағанның бәрі, біздің ашықтыққа көшуіміздің нәтижесі. Біз 24/7 төтенше жағдайға байланысты барлық оқиғаны жариялаймыз. Біздің баспасөз қызметі өкілдері дағдарыс жағдайларын басқару орталығында тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондықтан, қазір сенімді ақпаратты бірінші кезекте алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Telegram-арналар арасындағы ақпаратты тарату БАҚ-та осындай ой тудрады. БАҚ-тан сұрайын дегенім: елеусіз тұрмыстық өрттер мен кейбір оқиғаларды – оны бүкіл елге таратудың қажеті жоқ. Бұл – ұсыныс», – деді Әрінов.
Еске салайық, 6 ақпанға қараған түні өрт сөндіру қызметіне Семейде Засядко көшесі, 65 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. «Акшын» сауда үйінде бірінші қабатта түрлі тауарлар қойылған пластикалық бутиктер өртенген. Өрт ғимараттың екінші қабатына жайылған.