BasNewsЖаңалықтар

Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуді мақұлдады

2024 жылғы 28 ақпанда Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат Сенаттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды basnews.kz.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасады.

«Заң жобасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге, ұрып-соғуға, 16 жасқа толмағандарды жыныстық қудалауға, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттауға және басқаларға бағытталған әрекеттерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған», – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мыналарға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді:

  • отбасын қолдау орталықтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету, оларға уақытша тұру мүмкіндігін беру бөлігінде құзыреттерін нақтылау;
  • жеңіл зиян келтіргені үшін және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеу;
  • қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынатын балалардың (16 жасқа дейінгі тұлғалардың) жасын анықтау;
  • 16 жасқа толмаған адамдарды жыныстық қудалау үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту;
  • татуласуына байланысты сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға сот белгілеген арнайы талаптарды қолдану шараларын түсіндіру.

«Үкіметтің ұсынысымен облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің қызметін реттеуге қатысты түзетулер енгізілді.Сонымен қатар, депутаттар нормаларды құқықтық техникаға сәйкестендіруге бағытталған редакциялық түзетулер мен толықтырулар енгізді, бұл заң жобасының мазмұнын сапалық жағынан жақсартты», – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Айтпақшы, депутат Елнұр Бейсембаевтың педофилдерді хирургиялық кастрациялау туралы резонансты ұсынысы палатадан қолдау таппады.

Back to top button