Бектенов елде қымбаттаған өнімдерді атады
Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.
«Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.
Жалпы өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр.
«Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек.
Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет.
«Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды тапсырамын», — деді Премьер-Министр.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау жөніндегі барлық іс-шара сапалы жүзеге асырылып, уақтылы аяқталуға тиіс. Бұл ретте сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдауға барынша басымдық берілуі қажет. Сондай-ақ әзірленіп жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін нығайтуға бағытталған жобаларды көздеген жөн», — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, экономикалық саясат басымдықтарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденуге тиіс.
«Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай Жалпы ішкі өнімнің 14%-ына дейін қысқартуға тиіспіз. Биыл Кешенді жекешелендіру жоспарын 90%-ға іске асыру қажет», — деді Олжас Бектенов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Бұл шаралар нарықтық бәсекелестікті дамытуға, жекешелендіруді тиімді жүргізуге және квазимемлекеттік секторды реформалауға бағытталуға тиіс.