BasNewsЖаңалықтар
Шығыс Қазақстан облысының әкімі ҰОС ардагерлерін құттықтады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі ҰОС ардагерлерімен кездесіп, келе жатқан мерекемен құттықтады.
Айта кетсек, осы уақытқа дейін ардагерлер әскери мұражайда болып, кездесу өткізуге ұсыныс білдірген еді. Бастаманы қолдаған облыс басшылығы бүгін ардагерлермен кездесіп, тілдесті.
Дастархан басында өткен кездесуде соғыс жылдарындағы түрлі оқиғалар жайлы айтылып, сыр шертілді. Мысалы, араға 79 жыл салып екі өскемендік ардагер Құрмат Рахимов және Павел Стрехо Кенингсбергті азат ету шайқасында бірге қатысқандары белгілі болды.
– Жылдан жылға ардагерлердің қарасы азайып келеді. Біз оларды қамқорлыққа алып, көңіл бөлу қажетпіз. Өскелең ұрпаққа жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсіндіріп, тәрбие беру керек. Келер жылы жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай Өскеменде ескерткіш орнатып, шығысқазақстандық әрбір батырлардың есімін жазу жоспарда бар, – деді аймақ басшысы.
Кездесуге келе алмаған ардагерлерді үйлерінде құттықтады. Қазірде облыста 14 ҰОС ардагері және 5 мыңға жуық тыл ардагерлері тұрып жатыр. Мерекеге орай әр ҰОС ардагеріне 1,5 миллион теңге және әр тыл ардагеріне 100 мың теңгеден өтемақы берілген.
– Соғысқа Шығыс Қазақстаннан 90 мыңға жуық азамат аттанып, жартысы қайтып оралмады. Көзі тірісінде ардагерлерге көптеп көңіл бөліп жатырмыз. Әсіресе жастардан осы жұмысқа белсенді араласып келеді, – деді ШҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.
Кездесу соңында облыс әкімі әр ардагерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын, «ШҚО Құрметті ардагері» төсбелгісі мен естелік сыйлықтар табыс етті.