BasNewsЖаңалықтар

Биыл Түркістан облысында 37 ауыз су нысаны тапсырылады

Түркістан облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жанданады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берді.

Құрылысы мерзімінен кешікккен жобаларды сынға алып, жауаптыларға ауызша ескерту жасады. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті.

Ауыз су нысандары уақтылы тапсырылмаған және осы салада олқылық анықталған Шардара, Ордабасы, Келес аудандары мен Арыс қаласының басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Біздің алдымызда Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын. Осы айдың соңында тағы да жиналып, ауыз саласындағы мәселелерді талқылаймыз, – деген Дархан Сатыбалды су шаруашылығына жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керектігін де айтты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Түркістан облысында 737 елді мекен (91,3 %) ауыз сумен қамтылған. Қалған 70 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталып кеткен. 41 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, оның 14-інде жұмыс басталып кеткен. 9 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. 14 елді мекенде барлау жұмыстары жүруде. 29 елді мекенге кешенді-модульдік блок орнатылады.

Биыл 47 нысанның құрылысы жүрсе, оның 37-сі жыл соңына дейін тапсырылады. 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Жыл соңына дейін жаңадан 22 елді мекен ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 759-ға жетеді. Халық саны бойынша индикатормен есептегенде ауылды жердегі елді мекендердің ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетсе, қалалар 100 пайыз қамтылмақ.

Мәжілісте ауыз су тарифтерін бекіту, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, барлау жұмыстарын сапалы жүргізу, жобалаушы мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша да ұсыныстар беріліп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Back to top button