BasNewsЖаңалықтар

Отырарда «Парктер шеруі – 2024» экологиялық акциясы ашылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде «Парктер шеруі – 2024» экологиялық акциясының ашылу салтанаты өтті.

Оған мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысып, мектеп аумағына 40 түп туя ағашы, 15 түп үйеңкі, 15 түп шаған көшеттерін отырғызды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін акцияны «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр.

Аталған шара аясында 3 түрлі бастама қолға алынды. Атап айтсақ, «Парктер тынысы» фотокөрмесі, «Сырдың көркі – тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы және «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» акциясы.

Бұл бастаманың мақсаты – туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқық бұзушылықтың алдын-алу.

Шараға Туризм рекреация экоағарту бөлімінің меңгерушісі Айгерім Тажиева, Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Төре қатысып, сөз сөйлеп, оқушыларға іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барысында оқушылар тақырыпқа сай 4 командаға бөлініп, бақ сынасты. Сайыс соңында барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Back to top button