«Таза Қазақстан: Келестік 3 жасар егіздер экоакцияны қолдап, гүл отырғызды
Елімізде басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жас балдырғандар да үлес қосып жатыр.
Келес ауданы «Мариям-ММ» бөбекжай балабақшасында «Балдырған» тобында тәлім алып жатқан 3 жастағы егіздер Айман Қажымұхан, Ахмет Қажымұхан мен «Сұңқар» тобының 5 жасар егіздері Алия Упабек, Али Упабек табиғатты тазалауға өз үлестерін қосты. Балабақша меңгерушісі Айнұр Станбекова балаларды ұқыптылыққа, тазалыққа балабақшадан үйрету өте маңызды екенін атап өтті.
– Балабақшамызда тәрбиеленушілерді табиғатты сүюге баулитын түрлі іс-шаралар өтеді. Бір ғана тазалық акциясымен шектеліп қалмай, тәрбие сағаттарында табиғатқа қамқорлық қажет екендігін насихаттаймыз. Елімізде 5 аптаға созылатын науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп басталды. Бұл бастаманы балабақша ұжымы толық қолдайды. Балабақшамызда тәрбиеленіп жатқан егіздер де осы шараға қатысып, тәрбиешілерінің көмегімен ауламызға гүл отырғызды, – дейді балабақша меңгерушісі.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қоғамның саналы және азаматтық жауапкершілік танытқан барлық топтарын жұмылдыруда. Мұндай іс-шаралар барлық қазақстандықтардың тазалық пен тәртіпті сақтау әдеттерін қалыптастырады.