«Таза Қазақстан»: Түркістан қаласында 1416 нысанның қасбеті ретке келтірілді
Түркістанда орталық 28 көшенің тазалығын ұйымдастыру қала әкімдігінің дербес бөлімдеріне бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда жалпы 1416 нысанның қасбеті сырланып ретке келтірілді.
Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жауапты бөлім басшыларымен бірге көшелерді аралап, сондағы жұмыстарды тексерді. Тазалық пен абаттандыруға мыңға жуық жұмысшы тартылған. Жұмысшы топ тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесінде тағы 121 нысанды қалпына келтіру қажеттігі анықталды. Нұрбол Әбдісаттарұлы бірқатар кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау ісіне жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Республикалық акцияға тұрғындардың қатысу белсенділігін арттыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының бұл бастамасына секторлар тарапынан күнделікті тиісті жұмыстар үйлестіріледі.
Айта кетейік, 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістанда «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады.