BasNewsЖаңалықтар

Арыста этнос өкілдері қатысқан ауқымды сенбілік өтті

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл – халқымыздың ынтымағы бен бірлігін, берекелі тірлігін паш ететін айрықша мейрам. Айтулы күнде елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлері құрметіне орнатылған «Жеңіс» саябағы аумағында ауқымды сенбілік өтті.

Тазалық шарасына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл бастаған ардагерлер кеңесі мүшелері және түрлі этнос өкілдері қатысты.

Қала көркін ажарландыру, келбетін аша түсу өз қолымызда деген қала басшысы қолына тырмасын алып, табиғат жанашырларымен бірге сенбілікке қатысты.

«Тазалыққа атсалысып жүрген баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Арыс – ортақ үйіміз. Егер айналамыз айнадай болса, көңіліміз де шат болады. Қоғамдағы тазалық мәселесі жергілікті биліктің ғана шаруасы емес. Бұл – әрбір азаматтың ықтиярлықпен қарайтын шаруасы» – деген қала басшысы барша азаматтарды тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырды.

Игі шараға «Туған қала тазалығы – біздің борышымыз» деген ұстанымды ұстанған татар, өзбек, орыс, әзірбайжан этно-мәдени орталық жетекшілері де атсалысты.

«Тазалық – денсаулық кепілі. Арысымыздың көркеюіне, тұрғындардың дені сау, тәні таза болуына бір адамдай жауапкершілікпен қарауға шақырамын,-дейді Татар-Башқұрт этно-мәдени орталығының төрағасы Расиль Байков.

Сенбілік шара барысында Жеңіс саябағы аумағындағы арамшөптер қырқылды. Монумент пен стеллалар жуылып, саябақтың шарбақтары сырланды.

Жалпы, тазалық әрбір тұрғынның үлес қосар дағдысы болуы керек. Бізде әлі де болса жол бойына қоқыс төгу, темекі тұқылын тастау, қоғамдық орындарды бүлдіру әрекеттері тыйылмай тұр. Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болатынын ұмытпайық құрметті жерлестер!

Back to top button