Түркістан: Түлкібаста балық шаруашылығымен айналысатындар көбеюде
Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Ақбиік ауылында орналасқан «Али студия» жеке кәсіпкерлегі дәл осы кәсіп түріне қызығушылық танытқан. Шаруа жасанды екі тоған жасап, қазіргі таңда тоғанға 5 мың дана форель балығының шабағын жіберген.
Алдағы уақытта екінші тоғанға сазан балығының шабақтарын жіберуді көздеуде. Шаруа жалпы аумағы 1 гектар тоған аумағын абаттандырып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасамақ. Алғашқы өнімін биыл күз айларында саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, шаруа иесі мұнымен тоқтап қалмай балық ұрығын өсіретін технологияны меңгеруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі – бұлақ көздерінен шыққан суларға балық өсіруге мүмкіндік бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында үлкен сұранысқа ие балықтың түрін көбейтіп мол табысқа жетуге болады.