Түркістан: Төлебиде «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық шарасы өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде бір ай бойы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаның тазалығын сақтау жұмыстары жүйелі түрде жоспарға сай жүргізілді.
Дегенмен, туристтер, демалушылар арасында тазалыққа жауапкершілікпен қарамайтын азаматтар әлі де жол бойына қоқыс тастап, өздері демалған орынды ластап кетуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданы тұрғындармен кездесуде тазалық шараларын сақтауға шақырған болатын. Осы ретте аудан аумағында жалпы аудандық сенбілік өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жанынан құрылған «Еріктілер кеңесінің» ұйымдастыруымен «Тазалық – ортақ іс» акциясы аясында Ақмешіт демалыс аймағы күл-қоқыстан тазартылды.
Тазалық шарасына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы департаментінің басшысы Өркен Балажанов бастаған ерікті мемлекеттік қызметшілер, аудан әкімі Төлеген Телғараев, әкімдік қызметкерлері қатысты. «Тазалық – табалдырықтан басталады», сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың басты міндеті.
Сенбілік барысында қатысушылар жол бойын, өзен жағалауын күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, халық көп шоғырланатын орындарға тазалыққа шақыратын арнайы тақтайшалар «Табиғатты құрметте», «Қоқысты өзіңмен алып кет», «Қоқыссыз таза табиғат», «Табиғатты ластама» тақырыптарында орнатылды.
Әрбір азамат қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, оның тазалығына атсалысуы қажет деп тапқан сенбілікке қатысушылар тазалықты бірге сақтайық және жаңа облысымыздың өркендеуіне бірге атсалысайық деп демалушылармен тілдесіп, тазалыққа шақыруға бағытталған «Бірінші қоқыс тастаушы болма» тақырыбында әзірленген жадынама-күнтізбелер таратты.
Еріктілер табиғат аясына тасталған қоқыстарды үлкен жүк көлігіне жинап, арнайы қоқыс орындарына тастады.