BasNewsЖаңалықтар

Жетісайда заңсыз жолаушылар тасымалымен күрес жүргізілуде

Жолаушыларды заңсыз тасымалдау еліміздің қай аймағында болмасын, күрделі мәселе. Өйткені бұл бассыздықпен күресудің жүйелі жолы әлі іске қосылмаған.

Аумағы үлкен әрі халқы да мол Түркістан облысында заңсыз тасымалдаушылар да көп. Облыста жазғы демалыс орындары да көп болғандықтан, заңсыз тасымалдың қызығы жазда «қайнайды». Алайда мұндай тасымалдың халыққа тигізер пайдасынан гөрі зияны көп екендігін қарапайым тұрғындар біле ме екен? Салықтан жалтару мен адам өмірін қатерге тігу арқылы пайда табатын мұндай жүргізушілер заңның орындалуына үлкен нұқсан келтіреді.

Жетісай ауданында заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою, жол жүру ережелерін сақтау, такси тұрақжайларды реттеу мақсатында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастамасымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен аудандық полиция бөлімі инспекторларының ұйымдастыруымен аудан аумағындағы республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойында бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілді.

Салық төлеп отырған тұрақты маршрут иелері заңсыз тасымалдаушылардың кесірінен шығынға батып отыр. Ал халықтың игілігі үшін жұмыс жасайтын мұндай тасымалдаушылар пайда таба алмаған соң, нарықтан кетеді. Айналып келгенде, мұның барлығы халық үшін тиімді емес. Заңсыз тасымалдаушылар уақытша ғана жұмыс жасайды да, науқан аяқталған соң, ісін тоқтата қояды. Ал қарызға батқан компаниялар не автобустарын жаңарта алмайды, не жүргізушілерінің жалақысын төлей алмайды.

Шара барысында жұмысшы топ өкілдері тарапынан ауданішілік және ауданаралық, қалааралық бағыттарда жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктер мен жеке такси жүргізушілерінің көліктерінің техникалық қауіпсіздігі, адам тасымалымен айналысуға берілген рұқсат қағаздарының болуы жіті назарға алынды. Жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау керектігі, тәртіпке бағынбаған жағдайда қолданылатын заң талаптары түсіндірілді.

Әйтсе де, заң талаптарына бағынбай, біле тұра тәртіп бұзған 9 автокөлік жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне» сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, шара көрілді.

Аталмыш рейдтік тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да аудан аумағында тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Back to top button