BasNewsЖаңалықтар

Глубокое ауданында білікті анестезиолог-реаниматолог қызмет етеді

Реаниматолог кәсібі медицинадағы ең беделді және күрделі мамандықтардың бірі. Елімізде анестезиолог-реаниматолог мамандар жетіспейді.

Глубокое аудандық ауруханасында білікті әрі білімді реаниматолог маман бар. Ол реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде жұмыс істейтін анестезиолог-реаниматолог – Нұржан Қуанышұлы Қуанышев

Нұржан Қуанышұлы науқастарға ауыр жағдайда, өмір мен өлім арасындағы арпалыста көмек көрсететін екі дәрігерлік профильді біріктіріп жүрген білікті маман. Оның міндетіне пациенттерді шұғыл түрде көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар жарақаттардың ерекшеліктері мен ауру тарихын ескере отырып, анестезияны қамтамасыз ету арқылы олардың физикалық күйін жеңілдету кіреді.

Нұржан Қуанышев 1991 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген. 2008 жылы ол Семей қаласының мемлекеттік медицина университетіне түсіп, 2014 жылы хирург-дәрігер біліктілігімен бітірді. 2018 жылы қайта даярлаудан кейін Глубокое аудандық ауруханасына реаниматолог ретінде жұмысқа орналасты.

– Глубокое аудандық ауруханасына жұмысқа келуіме досым, әріптесім әрі топтасым Айдос Қожабаев себепші болды. Екеуіміз еңбек жолын Глубокое ауданында бірге бастадық. Алғаш жұмысқа келгенімде реаниматолог Борис Семеновичтің жетекшілігінде болдым. Ол осы саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген, облысымыздағы құрметті анестезиолог-реаниматологтардың бірі. Сол кісі маған бар білгенін айтып, көрсетіп үйретті. Сондықтан менің реаниматолог ретінде қалыптасуыма Борис Семенович айтарлықтай үлес қосты, – деп атап өтті Нұржан Қуанышұлы.

Реаниматологтар жұмыс барысында жүректің тоқтауы, анафилактикалық шок, ауқымды күйіктер, қан жоғалту және иіс тиіп улану сияқты түрлі төтенше жағдайларға тап болады. Олар пациенттерді тез тексеріп, оларды реанимациялау туралы шешім қабылдауы керек. Тіпті ең стрестік жағдайларда, соның ішінде балалармен жұмыс істегенде де сабырлық сақтауы керек.

Нұржан Қуанышев күн сайын өліммен арпалысып жатқан науқастарды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

– Жұмысымыз ауыр. Бізге адамдар үміт артады. Ал біз сол үмітті ақтауымыз керек. Дәрігердің ең қуанышты сәті – аурудан айығып шыққан науқастың алғысын алу. Міне, сондай кіршіксіз алғыс дәрігерлердің мерейін өсіреді, ерік-жігер береді, – деп атап өтті реаниматолог дәрігер.

Анестезиолог-реаниматолог болу үшін Нұржан Қуанышев 10 жыл оқыды. Яғни, медициналық ЖОО-да 7 жыл және резидентурада 3 жыл. Ал 2021 жылы ол Израильдегі Shіba әлемдік клиникасында бір айлық тағылымдамадан өтті. Бұл біліктілікті арттыру жобасына ол облыстың денсаулық сақтау тиімділігін арттыру бағдарламасы аясында барды.

COVID-19 пандемиясы кезінде Нұржан Қуанышұлы нақты емі жоқ аурумен алдыңғы шепте жүріп күресті. COVID-19 ауруының таралуы шарықтау шегіне жеткенде ол Глубокое ауданынан ғана емес, Өскемен мен Шемонаихадан келген пациенттерге де көмек көрсетті. Сол кезде Глубокое ауданында 100 төсектік жұқпалы ауру бөлімі ұйымдастырылған еді.

– COVID-19 дерті өршіген кезде білікті мамандардың тапшылығы қатты сезілді. Себебі біздің мамандарды облысқа ғана емес, еліміздің батыс өңірлеріне де жәрдемдесу үшін шақырды. Алайда біз аудандық ауруханадағы әріптестерімізбен пандемия кезінде күндіз-түні ауруханада, қызыл аймақта белгізісіз дертпен күресіп жүрдік. Ол кезде нақты емдеу әдістері жоқ, біз науқастың сауығып шығуы үшін түрлі амалдарды қолдандық, – деп қосты жас дәрігер.

2022 жылы бұл аурудың асқынуы қайта өршіген кезде ол әріптестерімен бірге тәулік бойы екі бөлім мен стационарда тынбай еңбек етіп, науқастарға қол ұшын созуға тырысты.

Күн сайын Нұржан Қуанышевпен оның әріптестерінің басынан түрлі оқиғалар өтеді. Адамды ажалынан алып қалу жолында жанталаса жұмыс істеу оның кәсіби міндеті. Әріптестері Нұржан Қуанышұлының кәсібилігі мен мейірімділігін қатты бағалайды, науқастары оған оның жоғары кәсіби біліктілігі үшін үлкен сенім артады.

Жалпы реаниматологтың жұмысы тек өзінің ерекшелігі бойынша ғана емес, сонымен қатар физикалық жүктеме дәрежесі бойынша да өте қиын. Бұл профильдегі дәрігерлер күні-түні жұмыс істеуі мүмкін. Реаниматолог белгілі бір ауруларды емдеумен айналыспайды. Ол науқастарды өмірге қайтарады. Әдетте оларда науқастың тыныс алуын, қан айналымын және ми қызметін қалыпқа келтіруге бірнеше минуттары ғана болады. Осындай жауапты мамандықты меңгеріп, Глубокое ауданының тұрғындарының саулығы жолында еңбек етіп жүрген жас дәрігердің жұмысы көптің көзіне көріне бермейтін ерлік.

Back to top button