BasNewsЖаңалықтар

ШҚО-да дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды

Бүгін Өскемен қаласында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жалауы желбіреді. Ел біріншілігі 7-9 жас аралығындағы балғын спортшылардың өнерімен басталды.

Құралайды көзге атқан мергендер бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен садағын асынып, сайланып келген 300-ге тарта спортшы қатысып жатыр. Қазақстан Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметовтің айтуынша бұл рекордтық көрсеткіш.

– Осы өңірдегі федерация президенті Ажар Рахметқызы ықылас білдіргеннен кейін чемпионатты Шығыс Қазақстан облысында өткізуді жөн деп шештік. Бұл жарыс Шығыста садақ ату өнерінің дамуына тың серпін береді деген сенімдемін. Бұл өңір тамаша табиғатымен ғана емес, ұлттық құндылықтарға бай қонақжай халқымен, садақ ату өнеріне деген қызығушылығы басым талантты спортшыларымен бізді тәнтті етті, – деді Диас Ахметов.

Дәстүрлі садақ атудан ел біріншілігін Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Oskemen sadaq atu» дәстүрлі садақ ату федерациясы тізе қосып ұйымдастырып отырғанын айта кетейік. Байрақты бәсекеде 7 жастан 17 жасқа дейін жасөспірімдер бақ сынауда.

Қатысушылар үш түрлі нысанада өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Пута нысанасы, Қалқан нысанасы және Жамбы нысанасы. Әр қатушыға бес мүмкіндік беріледі. Жас ерекшіліктеріне байланысты әр нысананың арақашықтығы әртүрлі болады. Мәселен, 7-9 жастағы балғын садақшылар 10 метрден көздесе, 10-12 жастағы жеткіншектер 15 метрден, 13-15 жастағылар – 20 метр, 16-17 жастағы жасөспірімдер 25 метрден атады.

Back to top button