BasNewsЖаңалықтар

Парламент Мәжілісінің депутаты созақтық тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Созақ ауданына іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарын таныстырды.

Алдымен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан Ы. Алтынсарин атындағы 900 орынға арналған мектепте болып, жұмыс барысын бақылады. Кейіннен, жеке инвесторлар арқылы іске асып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Жұмыс сапары барысында Парламенті Мәжілісінің депутаты Созақ ауылына арнайы барды. Созақ ауылдық мәдениет үйінде тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап,  өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындар Шу өзені суы арнасының тартылу салдары шаруаларға қолайсыздық туғызғанын, ескірген каналдардың жөндеуді қажет ететіндігін айтып, ауыл шаруашылығы  саласын дамыту  бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қабылдауда Созақ ауылындағы №1 колледжге жатақхана салу мәселесі көтерілді. Ұласбек Сәдібеков көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.

Қабылдауға облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, «Amanat» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы Ернар Сағындық, аудандық мәслихат депутаты Серік Топшақов және Түркістан облысы әкімдігінің басқармаларынан өкілдер қатысты.

Back to top button