Дархан Сатыбалды 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысын тексерді
Түркістан облысында көпқабатты тұрғын үйлер салу қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі – «Отырар» шағын ауданында орналасқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды нысандарға барып, жұмыс барысын тексерді. Құрылысына жауапты мердігер компаниялардың басшыларымен тілдесіп, бірқатар міндеттер жүктеді.
– Тұрғын үйлерге тиісті қаражаты бөлінген. Мемлекет пен халық алдында жауапкершілік алған соң жұмысты сапалы атқарған жөн. Үйлер талапқа сай әрі уақтылы тапсырылуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды мердігерлердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Үйлерге кіріп, пәтерлерді аралап көрді. Сапасын тексерді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Отау строй», «Дос и К сервис», «Ақ-Жол», «Ынтымақ Бес-Арыс», «CK NEW CITY», «РСУ-1», «TOLAGAI-2050» ЖШС-лері жүргізіп жатыр. Бас жобалаушы – «Project Building» ЖШС.
Құрлысшы мердігерлер облыс әкіміне жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. 11,4 га жер көлемі бар кешендегі жалпы пәтер саны – 800. Пәтерлердің ауданы 50 414 шаршы метрді құрайды. Өткен жылдың тамыз айында басталған тұрғын үйдің құрылысы биылғы жылдың тамыз айында аяқталып, ел игілігіне берілмек.
Айта кетейік, облыс құрылғаннан бері құрылыс қарқыны 2,9 есеге өсті. 176 көпқабатты үй салынды, 40 мыңдай отбасы жаңа пәтерге ие болды. 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында шамамен 80 мың тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.
Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы жалпы 145 000 шаршы метрді құрайтын 191 үй салу жоспары бекітілді. Қазір 159 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Облыс орталығында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2600-ден астам азамат баспаналы болды.