Жыл аяғына дейін 7 мың шақырым жолды жөндеуге уәде берілді
Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев елдегі жолдардың жағдайы туралы есеп берді, – деп хабарлайды basnews.kz.
Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда жалпыға ортақ 12 мың шақырым жолдың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 8 мыңы республикалық маңызы бар жол болса, 4 мыңы жергілікті маңызы бар жолдар.
«Шалқар – Ырғыз, Жезқазған – Петропавл, Қарағанды – Қарқаралы – Аягөз және басқа да жол учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысы бойынша 7 мың шақырымдағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Атап айтқанда, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахань және Мерке – Бурылбайтал жолдары учаскелерінде I және II техникалық санат параметрлері бойынша жұмыстар аяқталады. Жалпы қабылданып жатқан шаралар жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді Марат Қарабаев.