Самарда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті
Еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясынан самарлықтар да қалыс қалмады. Самар ауданының орталығындағы тазалық науқанын жастар, еріктілер, «Жасыл ел» жасағы, «AMANAT» партиясының өкілдері, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілер жалғастырды.
Туған өлкенің табиғатын аялап, қоршаған ортаны қорғауға жиналғандар Ешкібай су қоймасының жағалауы мен Самарға 100 жыл көшесін қоқыстан тазартып, арам шөптерді жұлды.
– Бүгін ауданымызда өтіп жатқан тазалық науқанына қатысып, табиғат жанашырлары мен жастарды қолдау мақсатында бірауыздан ұжыммен келдік. Ауылымыздың тазалығы – денсаулығымыздың, өркендеуіміздің кепілі, – дейді Самар ауданындық Достық үйінің директоры Нұрболат Манкей.
Жастар мұндай іс-шаралар қоршаған ортаның тазалығын сақтап қана қоймай, тұрғындардың ауызбіршілігіне, айналамызға ұқыпты қарауға тәрбиелейтінін атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сурашевтің айтуынша, шараға 100-ден астам адам қатысқан.
– Акцияның мақсаты – табиғатымыз бен ауданымыздың тазалығын сақтау. Бұл шараны әрекетіміз әдетке айналғанша жалғастырмақ ниеттеміз, – деді Қайдар Сурашев.
Айта кетейік, келесі апта аталмыш акция Риддер қаласында жоспарланып отыр.