BasNewsЖаңалықтар

Жанұямызбен жауынгерміз

Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп — өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда жанұяларымызды құрметтеуге, сыйлауға тиіспіз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата — анаңның алдында адамның парыз — міндеті өлшеусіз. Міне, сол ата-анаға сенің отбасыңның жарасым тауып отырғанын көргеннен артық бақыт жоқ. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау — өз болашағыңда сақтау деген сөз. Отбасы шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр.

Бүгінде отбасы құндылығын арттыру, отбасылық дәстүрлер мен тәрбиені сақтау сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Отбасы күні» аталып өтіледі. Атаулы күнге орай салтанатты шаралар, отырыстар, отбасылық ойындар ұйымдастырылып, отбасы ұғымын кеңінен дәріптеу мақсатында іс-шаралар жүргізіледі. Ұлттық ұлан әскері де атаулы күнге арнап апталық өткізіп, әскери қызметшілердің бойындағы отбасыға, отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында бірқатар іс- шаралар өткізіп, отбасыңның қадір-қасиетіне жетуге үгіттейді. Әсіресе, отбасынан жырақта жүрген мерзімді әскери қызметшілер үшін бұл мерекені атап өтудің маңызы ерекше. Осы орайда әскери бөлімдерде үлгілі отбасыларды дәріптеп, олармен кездесу, құрметтеу кештері өткізіліп отырады.

Бүгінгі шығарылымда осындай үлгі отбасылардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінде қызмет атқаратын ерлі зайыпты әскери қызметшілеріміз Дархан мен Райханның өмір жолы, әскери қызметтегі қызықтары туралы айтатын боламыз.

– Жанұямызбен жауынгерміз, Дархан ағамыз әңгімесін осылай бастады.

– Өмірімнің 20 жылын әскери қызметке арнадым. Әлі де Отан алдындағы борышымды өтеудемін. Әскери қызмет қызығы мен шыжығы мол мамандық. Екінің бірі әскери қызметші атана алмайды. Ол үшін асқан төзімділік, қайтпас қайсар мінез, мол жауапкершілік қажет. Ел мен жердің жүгін, аманатын, сенімін арқалау оңай емес. Әсіресе, Ұлттық ұлан әскерінің алдына қойған міндеттері үлкен жауапкершілікті қажет етеді, – деп старшина Дархан Ниғметуллинұлы мол жылдық тәжірибесінен түйгенін тілге тиек етті.

Ана, бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген даналық сөздің астары алыста жатыр. Бүгін де Отанның да, отбасының да бесігін тербеткен  нағыз қазақ  қыздары көп-ақ.  Солардың бірі – Дархан ағамыздың өмірлік жары 5546 әскери бөлімінің қаржы қызметінің бухалтері кіші сержант Какишева Райхан Жарылгапқызы. Әскери салада жүргеніне 18 жыл болған батыр қызымыз, бүгін де жұмыстастарының арасында беделді, сыйлы адам.

Жауынгер жанұя атанған бүгінгі кейіпкерлеріміз салауатты өмір салтын сақтауды жөн көреді. Дархан ағамыз Атырау облысында өтетін мезгілдік жүгіру марафондарының тұрақты қатысушысы. Сондай-ақ, әскери бөлім ер азаматтары арасында гір тасын көтеруден жеңімпаз. Өз кезегінде Райхан Жарылғапқызы да құралайды көзге ата білген мергендігімен танымал жан. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің нәзік жанды әскери қызметшілері арасында тапаншамен оқ атудан алдына жан салмайды. Бірнеше мәрте жеңіс төрінен көрінген.

«Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасын бірлесіп бірге күн көретін, туыстық қатынаста тұратын адамдар тобы құрайды. Ал жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, соның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді», – деп кейіпкерлеріміз өздерінің қызметте ғана емес отбасында да үлгілі ата-ана екендерін бір ауыз сөзбен жеткізе білді.

Кейіпкерлеріміз бүгінде 2 ұл 2 қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Ұлдары ата-анасының әскери қызметші болғандарын мақтан тұтады.

Өмір жолдарын жанұяда ғана емес, жұмыс орнында да қатар тоғыстырған, әскери қызметтің ауыр жүгін бірге арқалаған кейіпкерлеріміз әріптестерінің арасында зор сый құрметке ие жандар. Жас әскери қызметшілерге үлгі бола білген жауынгер жанұяға жақсылық тілейміз.

«Отанды сүю, отбасынан басталады» демекші,  міне, осылай Отбасы күнін атап өту, отбасы құндылықтарын дәріптеу шаралары арқылы әрбір жанның бойындағы отбасыға деген махаббатты арттыратын болсақ, Отанын сүйетін патриоттардың да санын арттырамыз деген сөз.  Отбасы күні құтты болсын. Керегеміз кең, тереземіз тең болсын.

 

қатардағы Серіков Бақытжан Маратұлы

5546 әскери бөлімі

Back to top button