«Қазақ дәстүріндегі отбасылық құндылықтар» атты тәрбиелік іс-шара өтті
Елімізде Отбасы күні 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып келеді. Бұл мереке — еліміздегі басты мерекелердің бірі болып табылады.
Отбасы — мемлекеттің негізі, ал мемлекеттің мықты болуы — отбасылардағы береке-бірлікке, татулыққа, өзара түсіністікке тығыз байланысты. Отбасының құндылығы берекемен, махаббатпен, сеніммен өлшенетіндіктен, «Отбасы күні» мерекесіне орай Қызылорда қаласының отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ дәстүріндегі отбасылық құндылықтар» атты тәрбиелік іс-шара болып өтті.
Іс-шараның ашылуында алғашқы құттықтау сөзді Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К. Құрақбайқызы мен «Отбасын қолдау» орталығының директоры Г. Сексенбаева алды. Олар отбасылардың маңыздылығын, балалардың тәрбиесі мен отбасылық қарым-қатынастарды нығайту жөнінде өз пікірлерін білдірді. Отбасы — қоғамның негізгі буыны, оның негізі мен тірегі. Отбасылық тәрбие, мейірімділік, сыйластық — әрбір адамның қалыптасуына, тұлға болып өсуіне әсер ететін маңызды факторлар.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар арасында Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айгүл Нажмадинқызы және Қызылорда облысы дін істері мәселесін зерттеу орталығының аға маманы Оспанов Бақтияр болды. Айгүл Нажмадинқызы өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында көтерген маңызды мәселелеріне тоқталды. Ол атап өткендей, қоғамдағы әлеуметтік кеселдермен күресу — біздің ортақ міндетіміз. ✅НАШАҚОРЛЫҚ, ✅ҚҰМАРПАЗДЫҚ (ЛУДОМАНИЯ), ✅ТҰРМЫСТЫҚ-ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ, ✅ВАНДАЛИЗМ, ✅ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ сынды мәселелермен күресу ісінде әрбір отбасының рөлі айрықша. «Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін бұл ерекше маңызды», — деді ол.
Оспанов Бақтияр отбасын өнегенің көзі, тәрбиенің алтын ұясы ретінде сипаттап, «Оттың басында бойыңа сіңген тәлім-тәрбие — бүкіл бітім-болмысыңды айқындайтындығы» туралы тақырыптарды қозғады. Ол келген көпбалалы аналармен пікір алмасып, шара соңында «Отбасын қолдау» орталығы жанынан құрылған «Киім пішу және тігу», «Шаштараз», «Тырнақ әрлеу» (маникюр), «Массаж» курстары өткізілетін цехты аралап, демеушілердің қолдауымен аналарымызға арнайы сыйлықтар табысталды.
Отбасылық дәстүрлерді сақтап, нығайту мемлекеттің берік негізі болып табылатындығы баса айтылды. Отбасы — шағын мемлекет, ол — тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ордасы. Адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі отбасында өтеді. Әке мен ана — шаңырақтың тірегі, ал олардың берекесі мен татулығы — қоғамның тұрақтылығының кепілі.
Отбасы күні — бұл тек мереке емес, сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қоғамдағы мейірімділік пен ынтымақтастықты нығайту үшін үлкен мүмкіндік. Осындай шаралар арқылы біз отбасыларымыздың арасындағы байланысты нығайтып, балаларымыздың тәрбиесіне ерекше назар аударуға үндейміз. Отбасының бақытты болуы — қоғамның бақытты болуы.
Осы орайда, барша қала тұрғындарын Отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Әр шаңыраққа амандық, құт-береке тілейміз! Әрбір отбасында сәбилердің күлкісі естіліп, махаббат пен мейірімнің шуағы төгілсін. Отбасылық құндылықтарды сақтау — біздің ортақ міндетіміз, себебі дәл осы құндылықтар қоғамымыздың берік негізін қалайды.
Болашақта да отбасылық мерекелерді атап өту, отбасыларды қолдау, балаларды тәрбиелеу ісінде белсенділік танытып, бірге күш жұмсайық. Отбасы — біздің қоғамымыздың алтын діңгегі, сондықтан оның бақытты болуы — біздің барлық іс-әрекеттеріміздің мақсаты. Отбасы күні — бұл әр азаматтың, әр отбасын байытатын, нығайтатын, түрлі қиындықтарды бірге еңсеруге көмектесетін мереке.
Сондықтан, қоғамымыздағы отбасының рөлін және маңыздылығын арттыру үшін, әрқайсымыз белсенділік танытып, отбасыларымызды қолдап, оларға қамқорлық жасауымыз қажет. Отбасы — біздің болашағымыздың негізі, сондықтан оның берекесі мен бақытын сақтау — біздің басты міндетіміз.