BasNewsЖаңалықтар

Екібастұзда екі жасөспірімді өлімші етіп сабап кеткен

Екібастұзда екі жасөспірімді белгісіз біреулер соққыға жығып кеткен. Зардап шеккендердің бірі реанимацияда жатыр. Ал полиция осы оқиғаға қатысты тергеуді бастады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Кәмелетке толмаған зардап шегушінің туыстары айтқандай, оны досымен бірге 29 қыркүйекте кешкі сағат 6-дан 7-ге дейін №21 мектептің жанындағы бос жерде ұрып-соққан.

«Менің жиенімді аяусыз ұрып кеткен. Біз оны досымен бірге есі кіресілі-шығасылы қалпында сағат 00.30-да таптық.  Сіздерден осы қылмыскерлерді іздеуге көмектесулеріңізді сұраймын немесе егер осы уақытта немесе осы шағынауданда күдікті адамдарды көрген болсаңыз, жауап берсеңіздер екен. Қазір ол реанимацияда», – деп жазды зардап шеккендердің бірінің тәтесі.

Павлодар облысы  Білім басқармасының ақпараты бойынша, екеуі де Екібастұз колледжінде оқиды.

«2024 жылдың 29 қыркүйегінде екі кәмелетке толмаған бала әртүрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап, тергеу шараларын жүргізуде», – деп түсіндірді ведомствода.

Тергеу туралы ақпарат полицияда расталды.

«Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық жағдайлар анықталуда», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.

Back to top button