Жаңалықтар

Елордада мектеп оқушыларының дене тәрбиесін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері талқыланды

 

Елордада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда оқушылардың дене тәрбиесін жетілдіру жолдары қарастырылды. Соңғы төрт жылда артық салмақ пен семіздікке шалдыққан балалар саны екі есеге жуық артқан. Зерттеулерге сәйкес, мектеп оқушыларының 70%-ы гиподинамия және артық салмақтың салдарынан денсаулығында орын алатын қиындықтарға тап болуда. Сонымен қатар, 55%-ы дене шынықтыру мен спортқа қызығушылық танытпайды.

Конференция барысында мамандардың айтуынша, физикалық белсенділігі төмен балаларда жарақат алу жиілігі жоғары, ал жедел респираторлық вирустық инфекцияларға шалдығу көрсеткіші 3,5 есе артық. Жыл сайынғы медициналық тексерулер нәтижесінде қазақстандық оқушылардың арасында келесідей мәселелер анықталған: бастауыш сынып оқушыларының 16,5%-ында сколиоз, 2,3%-ында көру мүшелерінің ақаулары, 15%-ында жүйке жүйесінің сырқаттары, 43%-ында миопия, ал 24%-ында жоғары қан қысымы тіркелген. Алайда дене шынықтыру мұғалімдерінің тек 8%-ы оқушылардың жеке физикалық ерекшеліктерін назарға алады.

Оқушылардың спортқа деген ынтасының төмендігі де маңызды мәселеге айналып отыр. Таңғы жаттығуларды жүйелі түрде орындаушылар саны 5,3%-ды, ал шынығу шараларын қолданатындар 10%-ды ғана құрайды. Сарапшылардың пікірінше, дене шынықтыру сабақтарын жақсарту және кәсіби мамандарды тарту арқылы оқушылар мен студенттердің денсаулық жағдайын оңалтуға болады.

– Дене шынықтыру – бұл көп салалы ғылыми пән. Себебі физикалық белсенділік гормоналды фонға, тамақтануға және күн тәртібіне тікелей байланысты. Біз балаларды өз денсаулығын жақсарту үшін жеке зерттеулер жүргізуге үйретуіміз қажет. Бүгінгі технологиялық дәуірде дене белсенділігін арттырудың жаңа әдістерін қолдануға мол мүмкіндік бар. Мысалы, арнайы мобильді қосымшалар арқылы калорияны есептеу, жүрек соғуын бақылау немесе жасалған қадамдарды өлшеу балалардың өз денсаулығын бақылауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Руслан Каратабанов.

Back to top button