2000-ДАН АСТАМ АҚМОЛАЛЫҚ ОҚУШЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ЖАСТАР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

19-20 ақпан күндері Көкшетау қаласындағы Bolashaq Saraiy ғимаратында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» атты алғашқы өңірлік жастар форумы өтті. Бұл шара Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып, билік өкілдері, кәсіпкерлер, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.
«Биыл Президенттің Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осыған орай, Ақмола облысында барлық колледждермен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын 6,5 мыңнан астам түлек оқуын аяқтап, олардың 80%-ы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Осы форумның негізгі мақсаты – жастарды жұмысшы мамандықтарымен жақынырақ таныстыру және олардың маңызын көрсету», – деді Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева.
Форумға 2000-нан астам қонақ қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, ата-аналар, оқытушылар және түрлі салалардың жетекші мамандары бар. Қатысушылар интерактивті көрмелер арқылы жұмысшы мамандықтарымен танысып, кәсіби бағдар беру шеберлік сабақтарына қатысып, форсайт-сессияларда ой бөлісіп, білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. Өңір колледждері арнайы демонстрациялық алаңдар ұйымдастырып, келген қонақтар түрлі мамандықтармен таңысты.
«Ақмола облысында 29 колледж мамандар даярлаумен айналысады, онда 20 мыңға жуық студент білім алуда. Оқу процесі 90-нан астам мамандық пен 160 біліктілікті қамтиды. Соңғы жылдары колледждер академиялық еркіндікке ие болып, оқу бағдарламаларын өз бетінше жаңартуға мүмкіндік алды. Бұл – жұмыс берушілермен бірлесіп, өндірістің сұранысына сай мамандар даярлауға жасалған қадам. Соның арқасында түлектер жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды қолданатын кәсіпорындарға дайын маман болып барады. Сонымен қатар, колледждер еңбек нарығына сай жаңа мамандықтарды енгізіп, жастарға кең мүмкіндіктер ұсынып отыр», – деп атап өтті Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.
Форум барысында Ақмола облысының Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы таныстырылды. Бұл – болашақта қандай мамандықтарға сұраныс болатынын болжауға арналған маңызды құрал. Атлас өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету салалары бойынша жаңа, трансформацияланып жатқан және жойылып бара жатқан мамандықтар туралы ақпарат береді. Бұл ресурс алдағы жылдары білім беру жүйесін дұрыс бағытта дамытуға және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға негіз болады.
Еңбек адамы – кез келген қоғамның қозғаушы күші! Форумның басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, олардың қоғамдағы рөлін айшықтау болды.