ШҚО әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС өңірдегі жаңа әлеуметтік жобаларды қаржыландырады

Бүгін облыс әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Биыл «Казцинк» әлеуметтік бастамаларға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөледі деп жоспарлануда.
Ірі жобаларға облыстағы медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, Риддердегі мектептердің құрылысы мен жабдықтауды жалғастыру, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу жатады.
– Ынтымақтастық туралы меморандум жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бұған дейінгі меморандумдардың арқасында Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қалаларындағы медициналық ұйымдар мен мектептерді жабдықтау, жол-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсартуды қамтитын әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылды. Бүгін біз 11 млрд теңгеге есептелген меморандумға қол қойдық. Оның ішінде 10 млрд теңге бюджеттен, 1 млрд теңге «Казцинк» есебінен бөлінеді. Компания Риддердегі мектеп құрылысына 5,5 млрд теңге, хоккейді дамытуға 1,5 млрд теңге бөледі. 2025 жылы инвестицияның жалпы сомасы 18,5 млрд теңгені құрайды, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
«Казцинк»-тің бас директоры Жанат Жанботин атап өткендей, меморандумға қол қою тараптардың облысты дамытуға деген ниетін білдіреді.
– Біз компания бөлімшелері орналасқан елді мекен тұрғындарының бастамаларына назар аударуға тырысамыз. Біз үшін аймақтың әлеуметтік әл-ауқаты маңызды. Облыс әкімдігімен бірлескен жұмысты жалғастыратынымызға қуаныштымыз, – дейді Жанат Жанботин.