Жаңалықтар

«Шығыс Қазақстандағы нәзік жандылар барлық салада табысты», – облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

 

Бүгін аймақ басшысы түрлі салада толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген әйелдер қауымымен кездесті. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандық әйелдердің кез келген нәрсені шын жүрекпен жасап, үйлесімділік пен сұлулық сыйлайтынын атап өтті. Өңірдегі нәзік жандылар білім мен денсаулық сақтау, бизнес, өнеркәсіп салаларында еңбек етіп келеді. Олар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Дегенмен әйелдер мейірімді әрі қамқор ана мен әже, аяулы жар, адал дос болып қала береді.

– Сіздер – сұлулық пен нәзіктіктің символсыздар. Әрқайсыңыздың табысқа жету жолдарыңыз бөлек, бірақ сіздерді сенімділік, жауапкершілік және жұмысқа деген адалдық біріктіреді. Өскелең ұрпаққа көрсетіп келе жатқан үлгі-өнегелеріңіз үшін, даналықтарыңыз бен баға жетпес тәжірибелеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жиынға білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. ШҚО Ана мен бала орталығының бас акушер-гинекологы Ирина Носакованың ерлігі көптің есінде. Ол бассейнге батып кете жаздаған баланы аман алып қалған еді. Кездесу қатысушылары өмірінің талай жылын сүйікті ісіне арнаған 88 жастағы тракторшы Қазия Мусинамен де тілдесті. Білім саласының ардагері Сәбира Қарыбаева, кәсіпкер Оксана Кучерина, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшілері Зарина Камасова, Ольга Кузовлева кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. Олар шығысқазақстандықтардың өмірін қалай жақсартуға болатыны жөнінде тәжірибе алмасып, кеңес берді. Өңір басшысы жұмысшы мамандық өкілдеріне де ерекше көңіл бөлді. Олардың еңбегі көп жағдайда көзге көрінбейді, бірақ өңір экономикасына зор үлес қосып келеді. Сондықтан олардың беделді арттыру үшін Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

Ересектерге арналған иппотерапияны дамыту, перзентхананы қайта құру сынды облыс тұрғындары үшін маңызды тақырыптар талқыланды. Бұл нәзік жандылардың өзекті мәселелер туралы үнемі алаңдап, оң өзгерістерді қалайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Жиын соңында өңір басшысы барлығына гүл шоқтары мен алғыс хаттар табыстап, оларға зор денсаулық, махаббат пен табыс тіледі.

Back to top button