Жаңалықтар

4500 жұмыс орны және жаңа зауыттар: 2025 жылы Қарасай ауданын не күтіп тұр?

Қарасай ауданында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұнда жаңа өндіріс орындары ашылып, логистикалық орталықтар іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны құрылуда. Бұл аймақ экономикасының дамуына серпін беріп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.

 

Ең ірі жобалардың бірі – оңтүстіккореялық KT&G компаниясының темекі өнімдерін шығаратын зауытының іске қосылуы. Кәсіпорын жылына 177 миллиард теңгенің өнімін өндіруге есептелген. Мұнда 180 адам жұмыспен қамтылған.

 

Логистика саласы да қарқынды дамуда. “Фокус Логистик” кешенінің бірінші кезеңі аяқталып, OZON қоймасы іске қосылды. Бұл нысан 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Ал наурыз айында ашылатын UNION қоймасы тағы 100 жұмыс орнын ұсынады. Сонымен қатар, “Imagine Apple City” жобасы аясында 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

 

Жалпы, ауданда 4500 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.

 

Қарасай ауданы тек шетелдік емес, отандық компанияларды да тартып отыр. Caspian Beverage Holding (белгілі “Буратино” бренді) Алматыдағы зауытын Қарасай ауданына көшіруді жоспарлауда. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашады.

 

“Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 106 жобаға 928 миллион теңге бөлінді. Ауданда су үнемдеу технологиялары енгізіліп, қайта өңдеу кәсіпорындары мен агробизнес дамуда.

 

Сонымен қатар, аудан аумағында мектептер, медицина мекемелері және мәдени нысандар бой көтеруде:

• 2025 жылы Алмалыбақта 1500 орындық, ал Бұлақтыда 900 орындық мектептер ашылады.

• Жібек жолы мен Айтей ауылдарында мәдениет үйлері салынады.

• Абай және Үштерек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар бой көтеруде.

 

“Инвестиция тарту – ауданның дамуы үшін маңызды міндет. Жаңа кәсіпорындар тек қаржы құйып қана қоймай, жұмыс орындарын да ашады. Бұл – біздің басты басымдықтарымыздың бірі”, – деп атап өтті Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.

Back to top button