Жаңалықтар

Абай облысында ЖЭО-3 құрылысына дайындық жүргізіліп, газдандыру жоспары талқылануда

 

Өңірде жаңа жылу электр орталығын салуға дайындық жұмыстары аяқталуға таяу. Сондай-ақ, елді мекендерді табиғи газға қосу перспективалары қарастырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырханов мәлімдеді.

Бүгінде мамандар ЖЭО-3 құрылысын жүргізу бойынша техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеуді аяқтады. Одан кейін құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Сонымен қатар жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) дайындау жөнінде келісімшарт жасау жұмыстары қатар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, бұл құжат үшінші тоқсанда дайын болуы тиіс.

– Жаңа жылу электр орталығы Степной кентінде салынады. Ол үшін жер телімі бөлініп, «Семей энерго» компаниясы құрылды. Бұдан бөлек, жаңа станцияны тұтынушылармен байланыстыратын магистральдық желілердің құрылысын жобалау жұмыстары жүргізілуде, – деді спикер.

Басқарма басшысы өңірді газдандыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, газдандырудың бас жоспары бар, оған сәйкес, облысты газға қосу 2030 жылдан кейін жоспарланған. Алайда бұл мерзім жыл сайын жаңартылып отыратын газбен жабдықтау сызбасына байланысты өзгеруі мүмкін.

– Әзірге нақты шешімдер қабылданған жоқ, процесс талқылау сатысында. Біз газдандыруға қосылуы мүмкін 200-ден астам елді мекен туралы қажетті деректерді ұсындық, – деді Жандос Қайырханов.

Өңірде болашақта халықты экологиялық таза әрі үнемді отынмен қамтамасыз ету үшін газ жеткізу схемалары мен мүмкіндіктерін пысықтауды жалғастыруда.

Back to top button